Өткен аптада өңірдің спорт саласында өзіндік қолтаңбалары жерлестеріміз Караканов Марат Сағындықұлы мен Төленгутов Нұрлан Бураханұлы Тәжікстан Республикасы Душанбе қаласында өткен ардагерлер арасында самбодан әлем чемпионатына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінген-ді. Шар қаласының тұрғыны, спортты жанына серік еткен Марат Сағындықұлы қарсыластарынан басым түсіп, бұл әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Нұрлан Бураханұлы қола медальге ие болды.
Жүлдемен оралған жерлестерімізді әкімдіктің кіші залында өткен салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлан Борсукбаев құттықтап, «Жарма ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Ал жиынға келген өңірдің аға буын өкілдері, спорт саңлақтары, жүлдегерді спортқа баулыған алғашқы ұстаздары ізгі тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.
Жалпы Жарма ауданының спорт саласына өлшеусіз үлестерін қосып, даңқын асқақтатып жүрген қос жеңімпаз бұған дейін де байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, жерлестерінің мақтаныштарына айналған жеңімпаздар. Қазақстанның қазақша күрес, еркін күрес чемпиондары, самбодан халықаралық спорт шебері мәртебесіне ие ардагер спортшылар – абырой биігінде.
Еліміздің көк туын көкке желбіретіп, дүбірлі додаларда қатарластарынан оқ бойы озық жүретін жүлдегер қос балуан алдағы уақытта да ауданның абыройын арттырып, жерлестерінің мақтанышына айнала береріне сенім мол.