Ұлағатты ұстаздар күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз -ұлттың шамшырағы…» атты мерекелік шара өтті. Аудан ұстаздары бас қосқан жылы жүздесуге аудан әкімі Нұрлан Борсықбаев, аудан әкімінің орынбасары Райым Нұрғалиев, мәслихат төрағасы Мейірхан Оспанбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Қанат Шаймұратов және облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева, облыстық Білім басқармасы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәдениет Ахметова, аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің төрағасы Е.К.Сембинов қатысып, құттықтауларымен бөлісті. Аудан әкімі білім майталмандарына өзінің ізгі лебізін жеткізіп, білім саласының басты жаңалықтарына тоқтады.

– Білім беру саласы – мемлекеттің басты назарынанда. Себебі баланың бүгініне салынған инвестиция ертең еселеп қайтарын өмір тәжірибесі айқындаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясына қатысқанын білесіздер. Жиында ел ұстаздарына 5 айқын міндет жүктеді. Онда: «Балаларға жастайынан жасанды интеллекті технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек» — деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, аудан әкімі білім саласында еселі еңбек етіп жүрген білім саласының үздітеріне арнайы марапат табыс етті. Олардың қатарында «Еңбек Ері» медалімен Кезеңсу негізгі мектебінің ардагер ұстазы Күлән Мухамадиева, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен К.Шәкенов орта мектебінің директоры Қайрат Байғалиев марапатталды. Ал облыс әкімінің және облыстық мәслихат басшысының Алғыс хаттары аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанаева Нұржамал Алдамжарқызына табыс етілді.

Сондай-ақ, «Жарма ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» медалі мен аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаты» ауданның бірқатар ұстаздар қауымына табыс етілді.
Жалпы кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Ақорда төрінде білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады. Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды. Бұл ұстаздарға көрсетіліп жатқан ерекше құрметтің белгісі. Шын мәнінде мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы» демекші бұл салаға қызығушылық танытатындардың саны жылдан жылға артып келеді. Себебі Мемлекет басшысының салаға қолдауы айрықша.









