16 желтоқсан — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «Бейбіт өмірдің қалқаны – мықты армия, саналы жас» атты волейболдан турнир өтті. Қалбатау ауылындағы спорт модулінде өткен спорттық шара аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, жарысқа 9 команда қатысты. Олардың қатарында «47007 әскери бөлімінің» жас сарбаздарынан құралған 2 команда және аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары жинақталған 7 команда қатысып, ойынды тартысты өткізді. Атап айтар болсақ, 47007 әскери бөлімінің сарбаздары, 2 команда, Абай атындағы көпсалалы мектеп гимназиясы, Маяковский атындағы орта мектебі, Георгиевка орта мектебі, Абай атындағы мектеп – балабақша кешені, П.Г..Карелин атындағы орта мектебі, К. Шәкенов атындағы орта мектебі, Н. Крупская атындағы орта мектебі мен Д. Қалматайұлы атындағы орта мектебінің оқушылары қатысты.

Жалпы бұл спорттық шара аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, Қарулы Күштерге құрмет көрсету, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық рухты нығайтуды мақсат еткен. Турнирдің салтанатты ашылуы рәсімінде сөз алған аудан әкімі Нұрлан Борсықбаев еліміздің тірегі болатын жас сарбаздар, яғни, болашақта Отанын қорғайтын азаматтар қашанда ұлтжанды болға, әскерге баруға ынтық болуға шақырды. Айтулы күнмен құттықтап, игі тілегін білдірген аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Келесі құттықтау сөз кезегі Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Омаров Руслан Серикханұлына берілді.
— Еліміздің тыныштығын күзеткен айбынды армияға деген құрметіміз спорт арқылы шынығып, шыңдалған жас ұрпаққа деген сеніміміздің белгісі. Спорт – ерлік пен тәртіптің, намыс пен бірліктің мектебі. Бүгінгі жарыста осындай құндылықтарды дәріптей отырып, жас сарбаздарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын бұл шара көпке үлгі-өнеге. Отанын қорғайтын айбынды, денсаулықтары мықты азаматтар өсіп өркендеп, еліміздің қорғаны болуына тілектеспін, -деп игі тілегімен бөлісті.
Сондай-ақ, “Абай облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы” ММ-нің басшысы Ақылбеков Ақылжан Ақиқатұлы және «47007 әскери бөлімінің» батальон командирі – Міркамал Акмырза Маратұлы да өздерінің құттықтау лебізін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жастар арасында белсенділікті арттырып, спортқа ынталандыруды мақсат еткен турнирге «СЕНТАС» ЖШС директоры Главацкий Анатолий Анатольевич мен жеке кәсіпкер М. Тұрсынғазина демеушілік көрсеткен.
Турнир барысында 9 команда да тартысты ойын көрсетіп, бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды, Шар қаласындағы П. Карелин атындағы орта мектебі, 2 орынды – Қалбатау ауылындағы Маяковский атындағы орта мектебі, 3 орынды – Шар қаласы Абай атындағы мектеп-балабақша кешені командалары иеленді. Үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атанған көомандаларға 200,150,100 мың көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді. Турнир барысында командалар арасында үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан турнирге демеушілік еткен жомарт жандарға алғыс айтылды.









