Ынтымақ пен бірлігі жарасқан елге сырттай сүйсініп, қызыға қарайтындар көп. Жұдырықтай жұмылған бірлігі мен айрандай ұйыған ынтымағының арқасында көптеген белестерді бағындырып, тамсандырған ауылдардың бірі ретінде қазіргі Белтерек ауылдық округін айтуға болады.
Осыдан алпыс жыл бұрын іргесі қаланған «Белтерек» кеңшары 1972-1990 жылдар аралығында облыс көлемінде алдыңғы қатарлы іргелі шаруашылықтардың легінен көрінді. Бұл кеңшар негізінен, қазақтың қылшық жүнді еділбай қой тұқымын өсірумен айналысты. Қой санынан облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Төл алудан, ет пен жүн тапсырудан жоспарды артығымен орындап, талай мәрте облыстық еңбек жарысында жеңімпаз атанған көшбасшы кеңшар Белтерек ауылдық округы атымен бүгінгі тәуелсіздік жылдарында да сол екпінін жоғалтқан жоқ. Қайта заман талабына тез бейімделіп, бүгінде берекелі ауылдардың біріне айналып отыр.
Бұл жетістіктерде алдыңғы толқын ағалардың жанкешті еңбегі жатыр десек жарасады. Белтеректік жерлестері болса, бұл жетістіктерді көшбасшылық қабілетімен көзге түсіп, кеңшарды он жылға жуық іскерлікпен басқарған Төлеуғазы Бүркітовтің ерен еңбегімен тығыз байланыстырады. Бұл дәйек негізсіз де емес, сол күндерден сыр шертетін естеліктер мен аңызға бергісіз әңгімелер Төлеуғазы Молдағалиұлының шын мәнінде де өте шаруақор басшы болғанын аңғартады. Сірә, содан болар, ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін балапандай, іскер басшымен қызметтес болғандардың қай-қайсысы да қай шаруаны қолға алса да, ілгерілетіп бедел биігінен көрінген болатын. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Кешегі көшбасшы кеңшардың бүгінгі берекелі ауылға айналып отырғаны да, бәлкім, сол ағалар салып кеткен сара жолдан ауытқымай, жалғастырып келе жатқандығында болса керек.
«Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» демекші, кешегі кеңестік заманда еліміздің ауыл шаруашылығын дамытып өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы Төлеуғазы Молдағалиұлы Бүркітовтың орны ерекше болатын. Кеңшар директоры ретінде ұжымды басқарудағы іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен, адал еңбегімен халыққа қадірлі болып, абыройлы қызмет атқарды. Ол кісі жұмыс баспалдағында жоғарылауды еш уақытта мақсат тұтпады, өзіне бекітілген қызметті ел игілігіне пайдаланып, жастық күш-қайратын халыққа қызмет етуге жұмсап, көптің алғысына бөлену жолында тер төкті, іскер де алғыр, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруды жетік білетін өндіріс жетекшісі деңгейіне көтерілді.
1972 жылы Төлеуғазы ағамыз отыз үш жасында өзі туып өскен «Белтерек» кеңшарына директор болып тағайындалды. Осының алдында Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін «Скотовод» кеңшарында инженер-механик болып, елге белгілі басшы Күнсіләм Мұсажановтан үлкен тәлім-тәрбие алған ол одан кейін «Бірінші май» кеңшарына бас инженер болып жоғарылатылып, осы шаруашылықты облысқа кеңінен танытқан тағы бір білікті басшы Биахмет Жампозовтың үлгілі өнгесін көрді. Осылайша еліне елеулі ел ағаларының батасын алып, екі жылдай аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Міне енді бұған дейін тұралап қалған кеңшар басшылығын қолға алған сауатты әрі іскер жас басшы Бүркітов жатпай-тұрмай еңбектеніп, шығыннан бас көтере алмаған шаруашылықты аз жылда-ақ алдыңғы қатарға сүйреп шығарды. Жас та болса, шаруаға мығым басшы екенін танытып, іске ыждағатпен кіріскен жаңа директор сол зиянды жауып, пайдаға шықты.
Мемлекетке тапсырылатын ет пен жүннен түсетін пайда шаруашылықтың табыс көзінің негізі еді. Бұл жағынан алғандағы көрсеткіштер мен басқа да жоспарлар артығымен орындалды. Мал қоралар, төлханалар талапқа сай салынып, ескі шопан үйлерінің орнына жаңа үйлер бой көтерді. Кеңшар орталығында құрылыс цехы іске қосылды. Соның нәтижесінде кеңшар орталығы – Белтерек ауылында сауда орталығы, 360 орындық орта мектеп пен бала-бақша ғимараттары және тұрғын үйлер тұрғызылып, ауызсу жүйелері тартылды, Белтерек пен Жалғызтөбе теміржол бекетін жалғастырған 36 шақырымдық автокөлік жолы салынды, орталықтандырылған жылу жүйесі пайдалануға берілді, бас мамандар тұратын үйлер ыстық, суық сумен қамтылып, қаладағыдай тұрмыс кешті. Орталықта салынатын Мәдениет үйінің сметалық-жобалық құжаттары дайындалды. Аудан көлемінде теңдессіз бұл мәдениет ошағы кейінірек Төлеуғазы Молдағалиұлы Шар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тұрған кезде тікелей оның қадағалауымен салынды. Сонымен бірге ол директор болған кезде туған ауылында Белтерек халық театры жұмыс істеп, бүкіл облысқа танылды, кеңшар өнерпаздары аудандық ән байқауында үнемі жеңімпаз атанды.
«Белтерек» кеңшарында қысқы науқан кезінде мал шығыны төмендеп, алынған төлдің саны артты. Жыл сайын қыстамаға 50 мыңға жуық қой, 800 жылқы, 1200 ірі қара малы кірді. Шаруашылықтағы барлық қойдың 30 мыңнан астамы саулық болса, осы қойдың әр жүзінен тоқсан қозыдан алуға қол жетті.
Мал азығын дайындау, астық ору-жинау науқаны кезінде мамандардың, бөлімше басқарушыларының есепсіз жанар-жағармай жұмсауына, бір-бір автокөлікті мақсатсыз пайдалануына шектеу қойылды. Кеңшар орталығынан бөлімшеге, бөлімшеден ең шеткі қыстауларға дейінгі арақашықтық анықталып, оған жұмсалатын жанар-жағармай көлемі белгіленді. Қыстақ басына жиналған мал азығы шопан жауапкершілігіне құжатпен бекітіліп, күнделікті малға берілетін азық көлемі белгіленіп, қатаң қадағаланып отырды.
Шаруашылықтың еңсесінің көтерілген кезі Төлеуғазы Бүркітов директор болған 1972-1980 жылдар болды. Осы жылдары мемлекетке тапсырылған жүннің 25 пайызы таза шығымдылықпен есепке алынды. Бұған дейін жыл сайын 16 пайыздан артық өнім алуға қолы жетпеген шаруашылық пайданың астында қалды. Ет және жүн өнімдерін мемлекетке тапсыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастырудың нәтижесінде «Белтерек» кеңшары 1973 жылы өз тарихында бірінші рет жылды таза табыспен қорытындылады.
Білікті басшы Бүркітов шаруашылықтағы партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп, кеңшар экономикасын көтеріп, халықтың әлеуметтік, мәдени жағдайларын жақсартуға, малдың тұқымдық сапасын көтеріп, одан алынатын өнімді молайтып, сапасын арттыруға көп еңбек сіңірді.
1974-1980 жылдарды зор табыспен қорытындылаған «Белтерек» кеңшары Семей облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің ауыспалы Қызыл туын төрт рет жеңіп алды. Бұл жетістіктер кеңшар басшылары мен қатардағы қарапайым еңбеккерлерді еңбекке жігерлендіре түсті.
1978 жылы «Белтерек» кеңшарының директоры Төлеуғазы Бүркітов республика ауыл шаруашылығы министрлігінде шаруашылықты басқару жүйесі мен жетістіктері жөнінде есеп берді.
Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Н.Е.Морозов, А.Ғ.Рамазанов, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары Қ.Біләлов пен С.Құбашев шаруашылықтың жұмысын арнайы келіп көрді.
1975-1976 жылдары Ресейдің Чита облысы мен Бурят-Агинск автономиялық округінің делегациялары «Белтерек» кеңшарының қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларының іс-тәжірибесімен алмасу мақсатында іссапармен келіп қайтты.
Өзі туып өскен ауылын өркендетіп, кеңшарды аяғынан тұрғызып, түзу жолға салғаннан кейін ол Шар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Бұл жаңа қызметте де күндіз-түні қазандай қайнап жататын партиялық, шаруашылық жұмыстарын жақсартуға жан салып, қызмет істеді. Сосын көп ұзамай экономикасы кенжелеп қалған «Арқалық» кеңшарын басқаруға өзі тіленіп барды. Алдымен ол жергілікті кадрларға арқа сүйеп, сонымен бірге аудан көлеміндегі іскер жігіттерді осы шаруашылыққа шақырып, өңірге жаңа леп әкелді. Оған жергілікті халық алғашында тосырқап қарағанымен, оның жаңаша ойлайтын іскерлігін көріп, жұртшылық жылы қабылдады. Бұрынғы басталған жұмыстарды жалғастырып, «Арқалық» кеңшарының экономикасы мен әлеуметтік саласының тамырларына қан жүгіртіп, тұрмыс-тіршілігіне оң жаңалықтар мен өзгерістер әкелді. Әсіресе қой шаруашылығын дамытудың жолын кеңінен қарастырып, шопандарға назар аударылып, қолдау көрсетілді. Еңбекті ынталандыру бірінші кезекке қойылды. Еңбек адамдарының алатын табысын жеткен жетістігімен байланыстырып, ауылда жаңа өзгерістерді жүзеге асырды. Қой өсіру тәсілдерінде озық тәжірибелер таратылды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды, жол құрылысы қарқынды дамыды. Осылайша бұл шаруашылық аудан ғана емес, облыстағы экономикасы дамыған озаттар қатарына қосылды.
Іскерлік қабілетімен, ұйымдастыру жұмысындағы ұтқырлығымен, басқару ісінде біліктілігімен дараланған басшы 1988 жылы Шар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына ұсынылды. Алғаш рет баламалы негізде өткізілген сайлау барысында Төлеуғазы Молдағалиұлы жеңіске жетіп, бұл қызметте де абырой биігінен көрінді. Ол басшылық еткен жылдары аудан бойынша ауылдар арасына жол, көпірлер салынып, аудан орталығымен берік қатынас орнатылды. Мәдени ошақтар, әлеуметтік нысандар бой түзеді. Аудан орталығы – Шар қаласының келбеті өзгеше жаңғырды. Тіпті туған жеріне деген перзенттік шексіз сүйіспеншілігін білдіріп, Белтерек ауылынан Жалғызтөбе кентіне дейінгі жолға асфальт төсеу жұмысын қолға алды. Жеті шақырымдай бөлігі ғана асфальтталды. Еліміз егемендік алған кездегі қиын шақ бұл іске кедергі келтірді. Әйтпегенде көлік жолы толық жаңартылушы еді.
Тәуелсіздік жылдары Семей облыстық «Кеңдала» Акционерлік қоғамының вице-президенті, Семей аймақтық балық және су қорларын қорғау жөніндегі инспекциясының басшысы қызметтерін мінсіз атқарды. Елге сіңірген еңбегі ескеріліп, орден, медалдармен марапатталды, Жарма ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Шар қаласында оның есімінде көше бар.
Өзінің біліктілігімен, адал қызметімен елді сүйсіндірген, заманының дара тұлғасы болған Төлеуғазы ағамыз кадр мәселесінде әділ болып, маманның шыққан тегіне, руына қараған жоқ, оның білімін, іскерлігін назарға алды. Осылайша оның ұсынысымен кешегі автокөлік жүргізушілер Қабиден Дастанов пен Сайлаубай Сексенбаев бөлімше меңгерушілері болып, білікті басшылар ретінде ауданға танылды, Қайролла Мұқанов қатардағы ветеринардан кеңшардың бас мал дәрігері, партия комитетінің хатшысы, Зейнелғабиден Қанафин бөлімше меңгерушісінен бас зоотехник, Мәскен Уайданов токар болып жүріп, жұмысшылар комитетінің төрағасы, екі кеңшардың партия комитетінің хатшысы қызметтеріне жоғарылатылды. Ал Айбек Кәрімов зоотехниктен Шар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, кейін Аягөз, Тарбағатай аудандарының, Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарды.
Білікті де білгір басшының ел басқару тәсілі, ұйымдастырушылық қабілеті, кісілік келбеті жайлы өрілген әңгімелер оны құрмет тұтқан замандастарының жадында жазылып қалғаны шындық. Ол кісінің қадір-қасиетін қарапайым халық, өзімен бірге қызметтес болған әріптестері, өмірден өткеніне жиырма жыл өтсе де, ауыздарынан тастамай айтып отырады.
– Төлеуғазының бойындағы ең абзал қасиет – қарапайымдылығы, қайырымдылығы. Өте жайлы басшы болатын. Еш уақытта түтігіп, ашуланып, айқай салып жатпайтын. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, ұстамдылығы, төзімділігі мол, мінезге бай адам еді. Қатал болып көрінгенімен ішкі жан дүниесі оған мүлдем ұқсамайтын, – деп еске алады «Белтерек» кеңшарында ұзақ жыл механизатор болып жұмыс істеген еңбек ардагері әрі құрдасы Рымхан Оспанбеков.
– Ісі баршаға үлгі, ел перзенті Төлеуғазының Белтерекке сіңірген еңбегі шаш етектен. Оның ауруы да, емі де Белтерек болды. Ол – елдің есінде. Ұмытылған жоқ. Іздері сайрап жатыр, – деп еске алып еді жерлес інісі туралы Семей облысы басшыларының бірі болған белгілі қоғам қайраткері Мағжан Орымбаев.
Әлі есімде. 2008 жылы аса көрнекті ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы облыста кеңінен аталды, Қарауылдан қайтар жолда кідірген кезімізде артта келе жатқан үш-төрт жеңіл машина тоқтап, іштерінен жетпіс жас шамасындағы ел ағалары шықты. Жөн сұрастық. Абай ауданының бір-бір кеңшарының тізгінін ұстаған кілең атақты директорлар екен. Белтеректен екенімді білгеннен кейін бәрі бірінен соң бірі, М.Әуезов атындағы кеңшардың директоры болған Амантай Мұқатаев, «Бірлік» кеңшарын басқарған Сайлау Кошкин, «Қызыл ту» кеңшарын өрге сүйреген Әбдіғалым Мұздыбаев өздерінің замандастары Төлеуғазы ағамды мақтай жөнелді. Біздің Төкеңнің інісі екенсің ғой деп менің құрметіме жеке дастархан жайды. Сонда Әбдіғалым ағаның айтқаны: «Төлеуғазы директорлардың ішіндегі ерекше директор болатын. Өз ісіне шексіз берілген нағыз басшы еді».
Көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде қызмет бабымен кездескенімде Төлеуғазы ағамыздың жары Күләш жеңгемізбен ҚазМУ-де бірге оқығанын еске салып едім, сәл жымиып басын изеді де: – Иә, бірге оқығанбыз. Төлеуғазының қалы қалай? Ол жігіттің төресі ғой! – деп ризашылығын білдірді.
Міне, Төлеуғазы Бүркітов бүкіл елге сыйлы осындай тұғырлы тұлға болатын. Оның бойында менмендік, мансапқорлық әдеттер жоқ еді. Керісінше, қарапайымдылығы, имандылығы басым, кішіпейіл болды. Ол парасат-пайымы биік, ұстамды мінезімен қарамағындағы мамандармен, еңбек адамдарымен тіл табысып, сыйласып еңбек еткен, қызметте тазалықты, әділет пен шындық жолын берік ұстанған, ел ағасы атанған азамат еді.
Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыра білген Төлеуғазы Молдағалиұлы сияқты басшы ел есінде ұзақ уақыт сақталады.
Серікқазы Қорабай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі профессор