Жас ақындармен өткен кездесу
Абай атындағы көпсалалы мектеп гимназиясында оқушыларды жергілікті ақындардың шығармашылығымен кең көлемде таныстыру мақсатында «Бетпе-бет» тақырыбында кездесу кеш өткізілді. Аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес республикалық «Төрт тоқсан – төрт өнер» атты ұлттық мәдени – ағартушылық жобасының негізінде өткен шараны мектептің өлеңге жаны жақын оқушылары тамашалады. Ал кездесу кешінің қонағы ретінде аудан-аймаққа өлең-жырларымен кеңінен таныс «Бақыршық» орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Рабиева Жадыра Қадырбекқызы, К.Шәкенов атындағы орта мектебінің ақын-ұстазы Өнербек Жақсыбек және Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясының түлегі, жас ақын Жансерік Самғар қатысып, өлең-жырларын тарту етті.
Жалпы тәрбиелік мәні зор, сөз құдіретінің танымын тереңнен танытатын кездесудің салтанатты басталуында мектеп директоры Матанова Алма Секенқызы, аудандық білім бөлімінің маманы Жанаева Нұржамал Алдамжарқызы өздерінің алғы сөздерін білдірді. Поэзия әлеміне бет бұрып, ойын өлеңмен өрнектеп жүрген жас ақындарға шығармашылық табыс тіледі.
Өлең-жырды серік еткен ақындардың қатысуымен өткен кездесу барысында сөз өнеріне қызығушылығы жоғары мектеп оқушылары ақындарға өздерінің қызықты сауалдарын жолдап, сырлы сұхбат құрды. Жас ақындардың шығармашылығы туралы және қалам тербеудегі қызыққа толы сәттері, өлең өнерінің ұрпақ тәрбиесіне әсері, ұлттық руханиат жайлы айтылған тағылымды әңгімелер де оқушылардың өлең жазуға деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Тәрбиелік мәні зор, рухани шара соңында мектептің өнерпаз ұл-қыздары әсем ән-күйлерін тарту етіп, көңілге қонымды кездесуді қорытындылады.