Ақжал ауылының тұрғыны 72 жасар Кәрібаев Тілеуғазы Әйтенұлы егде тартса де елді мекендерді велосипедпен аралағанды жөн көреді. Айына бірнеше рет Ақжал ауылынан бастап Жаңғызтөбе, Жаңаөзен ауылдарына қос дөңгелекті көлігімен аралап жүрген ауыл тұрғындары таңдана да тамсана қарап жатады. Бұл ақсақалдың салауатты өмір салтын ұстанып, ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді ісі екені анық.
-Ақжал ауылында туып өстім, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, өскен өлкемдегі кенде қызмет еттім. 50 жылдай көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Кеңес заманында көлік тізгендей жүріп, алыс-жақын ауылдармен қатар, Монголия, Ресей елдедріне көлікті тізгендеп талай бардым. Жұмыс талғамайтын едік ол заманда. «Еңбектенген адам жерде қалмайды» -деген қағида ұранымыз болды. Қазірде жастар ғылым мен техниканың тілін терең меңгеріп, өз ісін жауапкершілікпен атқарса толайым табысқа кенелері сөзсіз, -дейді Тілеуғазы Әйтенұлы.
Күн жылына велосипедті өзіне серік еткен ардагер күніне 10-20 шақырым велосипедпен серуендегенді жақсы көрсе, қыс мезгілінде скандинав таяқшасымен жаяу жүріске де уақыт табатынын айтады қария.
-Зейнеткерлікке шыққан соң әрі ұзақ көлік жүргізгеннен бе аяқ басуым әлсіреп, қан қысымым жиі көтеріліп кететін болды. Содан 3 жыл бұрын осы велосипедті қолға алдым . Ақжал ауылының айналасына 10-20 шақырым жүремін, одан қалса Жаңғызтөбе, Желдіқара, Жаңаөзен ауылдарына да осы велосипедпен жүремін. Жұмысты да өз уақытында мол жауапкершілікпен атқардық, осы велосипед тебу арқылы денсаулықты күтуді де қолға алдым, -дейді Тілеуғазы ата.
Жастайынан еңбектің еселі үлгісін көрсетіп, жарты ғасырдай көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген еңбек адамының салауатты өмір салтын насихаттайтын бұл әдеті де көпшілікке үлгі боларлықтай өнегелі іс екені сөзсіз.