Өмірі — өнеге, еңбегі -үлгі

Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуде қарттардың орны қашанда бөлек. Олардың әрбір айтқан ақылы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне мол үлесін тигізеді. Қазақ «Қарттар – үйдің қазынасы» деп ерекше құрмет көрсетіп, қадір тұтқан. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Ардагерлер мен қарттарға қамқорлық көрсету, оларды қолдау ұрпақ парызы.

Ұрпақтар сабақтастығы жарасыммен сақталса елдің берекесі де, мерекесі де таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. 1 қазан аузы дуалы, аталы сөз айтатын баталы қариялардың, ақ жаулықты әжелердің мерекесі. Осы орайда зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген қазыналы қарттар, Шар қаласының тұрғындары Кулиспаев Өзбек Жұмағалиұлы мен Қасенова Жәкен Төлепханқызының шаңырағына барған едік.

Бүгінде 75 жасқа келген қос қария ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 39 жыл бір шаңырақта бақытты ғұмыр кешіп жатқан жанұя.

Өзбек Жұмағалиұлы Шар қаласында туып-өскен, мектепті де сонда оқып, білім алған. Оқу бітіріп келген соң 40 жыл энергетика саласында жұмыс істеген. Ал Жәкен Төлепханқызы Аягөз қаласында дүниеге келген, мектеп бітірген соң Ташкент қаласындағы теміржол институтында оқып, диплом алады. 31 жыл Шар қаласында теміржол саласында еңбек етіп, 2000 жылы зейнеткерлікке шыққан.

1965 жылы Өзбек Жұмағалиұлына тұрмысқа шығып, 6 баланы  дүниеге әкелген  көпбалалы ана,  «Күміс алқа» иегері.

  • Біз зейнеткерлікке шыққан соң да Шар қаласындағы кез келген қоғамдық жұмыстардан қалмай, белсенді түрде қатысып жүреміз. Қазір ардагерлер хорындамыз, 20 жылдай өнер көрсетіп келеміз. Қартайдық деп отыруға уақыт жоқ. Арасында санаторийге де қыдырып келеміз. Жас кезімізде жұмыс, үй, бала-шаға асыру деп жанталастық. Енді бала-шаға, немере -шөберенің қызығын көрейік, деп бір-бірімізге арқа сүйеп келеміз дейді Жәкен Төлепханқызы.

Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы сөз бар еді, осы қос қарияға қарата айтылғандай дерсіз. Өнерге жандары жақын бұл кісілер тойдың көркі екенін қатарластары да жарыса айтқан еді. Әуелете ән салып, би билегенде көпшілік қошемет көрсетіп,  үлгі тұтып жүр. Өзбек аға қол өнердің шебері, темірден түйін түйетінін ауылдастары жақсы біледі. Ал Жәкен апай ауласын гүлмен көмкеріп, бау-бақшаның бабын тапқан бағбан екені айналасы мен үйіндегі жайқала өскен гүлдерден-ақ көрініп тұр.