Кез келген мамандықтың қоғамда өзіндік орны, мәртебесі бар. Дегенмен де қадірлі мамандықтардың бірі – құрыш қолды құрылысшы мамандығы әр өңірдің өркениет бастауында тұрған кәсіп екені анық. Осы орайда Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұрғыны ардагер құрылысшы, 47 жыл осы салада жұмыс істеген 72 жасар Байболов Жүсіпбек Сұлтанұлы кәсіби мамандығы туралы есті естеліктерімен бөліскен еді. Қалбатау ауылында бой көтерген талай құрылыс нысандарының іргетасын қолымен қалаған кәнігі маманның келер буынға айтары да жетерлік.
-Бұрын бала кезімізде ата-анамыз жалпы мамандық таңдағанда қателеспеу керек деп отыратын еді. Мен мектепті бітірген соң Семей қаласында құрылыс техникумын оқып, бітірдім. Мамандықты алған соң туған ауылым, өскен өңірім Қалбатау ауылында еңбек жолымды бастадым. Құрылыс саласында 47 жылдай жұмыс істедім. Мен сияқты аудандағы құрылысшылардың қолтаңбасы қалған нысандардың қатары қалың. Б.Тұрлыханов атындағы бокс спорт залы, мектептер мен орталық аурухан ағимараты, қазіргі ЦОН аталып кеткен мекеме құрылыстарын қолымызбен тұрғыздық. Қазіргі өсіп келе жатқан ұлдарымыз құрылыс мамандығын меңгерсе артық болмас еді, — дейді Жүсіпбек Сұлтанұлы.
Аудан көркейіп, биік үйлер, ғимараттар жыл өткен сайын бой түзеп келеді. Бүгінде еліміздегі қысылтаяң жағдайға қарамастан ауданымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр. Бұның бәрі аянбай тер төккен құрыш білекті құрылысшылардың еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Бірнеше ауылдық округте медпункттердің құрылысы жүргізіліп, бұдан бөлек көптеген нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Ауылдың шырайын келтіріп, пайдалануға берiлген барлық нысандарда, бәрi-бәрiнде құрылысшылардың өзіндік еселі еңбегі жатыр. Алтын қолды құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында ауылымыз одан әрі ажарланып, көркейетініне сенім мол.
-Кез келген кәсіпті қарапайым жұмысшылықтан бастаған абзал. Қазір жастардың көбі бірден байып кетуді ойлап тұрады. Ол үшін маңдай тер төгіліп, адал еңбек етсе ғана дәулетке кенелері хақ. Мамандықтың жаманы болмайды, өткенде ел Президенті 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп айтты. Еңбекқор жастар, өз ісінің білгір мамандары көп болсын, -дейді ардагер құрылысшы сөз соңында.