Жаңғызтөбе кентіндегі 47007 әскери бөлімінде өткен ардагерлер мен сарбаздар кездесуі

 

Өткен аптада аудандық ардагерлер жанынан құрылған «Алаш» әуендері ансамблі мен әлі күнге дейін спортты серік етіп жүрген ардагерлер Жаңғызтөбе кентіндегі 47007 әскери бөліміне барып, кездесу өткізді. Әскери бөлімдегі Қазақстанның әр өңірінен келген жас сарбаздармен өткен әсерлі шара барысында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, сарбаздардың ұлттық рухын көтеретін қазақтың халық әндерін орындаған ардагерлер өнерлерін тарту етті. Кездесудің негізгі мақсаты 2 қыркүйектегі Президент Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауы туралы және Жарма ауданының мәдениеті мен тарихын таныстыру еді. Кездесу барысында алғаш сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есполов Нұрланбек Оспанбекұлы ел президентінің жолдауы туралы жан-жақты талқылап, түсіндіріп берді. АЭС туралы, алдағы уақытта өтетін референдум жайы туралы да тоқталды. Келесі кезекте ауданымыздың елі мен жері, тұмса табиғаты жайлы қызықты деректерді ардагер ұстаз Ерлан Баяханұлы мәлімдесе, батырларымыз жайлы ауған соғысының ардагері Мапетов Құрманай егжей-тегжейлі баяндап берді. Сол күні сарбаздар мен ардагерлер арасындағы спорттық сайыс қызықты да тартысты өтті. Жастардың бойындағы күш-жігері мен ардагерлердің мол тәжірибесі ойын алаңында сынға түсті. Атап айтар болсақ, тоғызқұмалақтан Нұрлан Оспанбекұлы сайысқа түссе, шахматтан Исабаев Бақыткелді, дойбыдан Қайырбеков Ерлан, ал үстел теннисінен Қасенов Төлеубек пен Тельман өздерін әлі күнге дейін спорттың бабында екенін көрсетті. Кездесу соңы Алаш әуендері ансамблінің концертіне ұласты. Ардагерлерден құралған топ мүшелері халық әндерін әуелетіп, күйлерін күмбірлетті. Әскери бөлімдегі сарбаздар ардагерлердің өнеріне қошемет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді. Ал бөлім командирі өнерпаз ардагерлерді Диплом және Алғыс хаттармен марапаттады.

Қанаш Аханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.