Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейінгі дерегінше, сүт безінің қатерлі ісігі дүниежүзі бойынша ең жиі кездесетін ісік. Қазақстанның статистика мәліметтері де осындай. Назгүл Омарбаеваның айтуынша, елімізде сүт безі қатерлі ісігінен жыл сайын мыңнан аса әйел көз жұмады. Денсаулық сақтау министрлігінің онкологтарға берген маңызды екі тапсырмасы бар: қатерлі ісіктің алдын алу және ерте анықтау. Алдын алудың басты амалы — салауатты өмір салтын ұстану, ішімдік пен темекіден бас тарту, диета ұстау, спортпен шұғылдану. Бұған қоса тәтті мен ұн өнімдерін азырақ жеген жөн. Сүт безі қатерлі ісігі гормонға тәуелді болғандықтан, эстрогеннің (жыныс гормоны — ред.) көбеюіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ісіктің алдын алу үшін әйелдің ерте тұрмыс құрып, көпбалалы болғаны маңызды. Әйел босанған сайын организмі эстрогеннен демалады. Өйткені жүктілік кезінде эстроген деңгейі төмендейді.
Ал ДДСҰ баланы кемі 1-2 жасқа дейін емізу керек дейді. Бұл бала үшін де, ана үшін де өте маңызды. Омыраудан сүт шыққан сайын сүт безі түтіктері жаңарып отырады. Осылайша сүт безі қатерлі ісігінің де алдын алуға болады. Тағы бір маңызды себеп — сүт безіне зақым келуі. Автобуста, қоғамдық орында, тұрмыста кеуде тұсын ұрып алу да ісікке ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда ауыртпалықты сезсеңіз, көп созбай маманға барыңыз. Бәрінен бұрын денсаулықты күтіп, абай болуға тырысыңыз. Сүт безіне жиі шалдығатын әйелдер Қатерлі ісікке шалдығатын әйелдер арасында күйеуге шықпаған, жүкті болмаған немесе ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) жасаған әйелдер көп. ЭКҰ кезінде организмнің гормонал салмағы артып, әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып жатады. Сол себепті ЭКҰ арқылы босанамын деген әйелдер міндетті түрде маммологтың жіті бақылауынан өтуі керек. Бірақ сүт безі қатерлі ісігі қаупі бар деп, ЭКҰ жасатуға тыйым сала алмаймыз. Біз тек науқасқа қауіп бар екенін ескертеміз.
ЭКҰ жасататындардың көбі – жасы 40-тан асқан, көптен бала сүйе алмай жүрген әйелдер. Сондықтан олар көп жағдайда қатерлі ісік қаупіне көз жұма қарайды. Сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдылығы жоғары келесі топ — менопаузаға ерте жеткен әйелдер. Климакс кезінде әйел бір ысып, бір суып, қатты қиналуы мүмкін. Осындайда гинекологтар жағдайды жеңілдету үшін оларға гормон алмастырушы ем жазып береді. Ондай дәрі ішетін әйелдер де маммологқа қаралып тұрғаны абзал. Қандай да бір ісік белгілері пайда болса, дер кезінде алдын алу керек. Қаралуды бастайтын жас 20 жастан асқан қыз-келіншектер міндетті түрде жылына бір рет маммологқа қаралып тұруы керек. Еліміздің кез келген емханасында маммологтар тегін қабылдайды. Шағымыңыз болмаса да, жылына бір рет бір күн арнап, сүт безін ультрадыбыстық зерттеуден өткізу керек. Ал 40 жастан асқан әйелдерге міндетті түрде екі жылда бір рет маммографиялық скрининг жасалады. Скрининг — сау халықты тексергеннен кейін симптомыз ісікті анықтау үшін енгізілген шара.
Қазақстанда 2008 жылдан бастап 40-70 жас аралығындағы әйелдерге 2 жыл сайын емхана рентгенологы мен онкология мамандары тексерісінен өту міндеттелді. Күдік тудыратын жағдайлар болса, жоғары институт мамандарына жолдама беріледі. Кейін арнайы ем тағайындалады. Сүт безі қатерлі ісігі емделе ме? Сүт безі қатерлі ісігі емделеді. Бастысы, оны дер кезінде анықтап, ем тағайындау керек. Ішкі түйсігі мықты, жауапкершілігі бар әйелдер “осы бірдеңе дұрыс емес-ау” деп бірден өзі бірінші кезеңде келіп жатады. Бұл, әрине, жоғарыда айтылған кеңестерді тыңдап кеудесін үнемі бақылап отыратындар. Болмаса, скрининг арқылы ісікті аурудың бірінші кезеңінде-ақ анықтауымыз мүмкін. Осындай әйелдер санын жалпы қыз-келіншектердің 80-90%–іне жеткізуіміз керек. Сонда елде сүт безі қатерлі ісігінен өлім болмайды. Бізде, өкінішке қарай, әлі тегін скринингке шақырудың өзі қиын болып тұр. Ел әлі өзін дұғамен, “Құдай сақтасынмен” емдеп жүр. Әйелдер көп нәрсені білмейді. Денсаулығында ақау барын сезген күннің өзінде балгер аралап, ісіктің үшінші кезеңіне өтіп кеткенде келіп жатады. Мұндай жағдайда да көмектесе аламыз. Тек ауырып, ем іздеп әлек болғаннан, организмді химиямен улағаннан гөрі ісікті алдын ала анықтап, зиянсыз ем тағайындаған дұрыс.
Гүлназ Масалимова, онкология кабинетінің медбикесі.