Жарма ауданының ұлағатты ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне орай «Ұстазды ұлықтау — үлкен мәртебе » атты салтанатты шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлан Борсукбаев қатысып, барша ұстаздарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Ардақты білім саласының ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Егемен елімізді өркениетке бастар жолда бәсекеге қабілетті білікті маманды, мықты тұлғаны, елжанды азаматты қалыптастыратын ұстаз. Дана ой иелері де, қоғам қайраткерлері де ұстаздың алдында бас иеді. Мерейлі мерекелеріңізде Сіздерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін білім саласында толағай табысқа жетіп, шәкірттерді шыңға шығарып жүрген бірқатар ұстаздар марапат төрінен көрінді. Олар Оқу-ағарту министрлігі, облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хатымен», сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Еңбек ардагері медалімен Имангаликов Манарбек Габдулкаримұлы марапатталды.
Ал ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткен Жарма ауданының командасы
аймақтағы «Ең үздік олимпиадалық команда 2024» атағын иеленіп, аудан әкімі Нұрлан Мұхаметрақымұлы білім бөлімінің басшысы Қанат Шаймұратовқа табыс етті.
Ұлағатты ұстаздардың мерейін үстем еткен салтанатты жиын соңы өнерді жанына серік еткен аяулы ұстаздар мен
өнерлі оқушылардың ән-күйіне ұласты.