Қалбатау ауылында Ұлттық мереке -Республика күні аясында еркін күрестен ағайынды Ақылбек,Самат Мұқатайұлы Қойшыбаевтарды еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. Спорттық шараның салтанатты ашылуы рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Райым Нұрғалиев құттықтау лебізін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнирге еліміздің әр өңірінен 150-ден астам жасөспірім қатысып, боз кілемде бақ сынасты. Жарыс нәтижесінде 32 -68 келі салмақ дәрежесі аралығында жеңіске жеткен жерлестеріміз марапатқа ие болды. Олардың қатарында Жәңгірхан Омаров, Алем Төлеубеков, Еркінбек Марғұлан, Уфимцов Мүбарак, Батырбек Қалиарыс, Ернұр Даутов, Жұмағазы Жалғас, Дәулетхан Асылжан, Мұхаммед Ержанұлы, Бауыржан Құмарбеков, Эмирхан сансызбаев, Айтуған Сұңғат, Жарас Сәрсенханов, Шағман Бекзат сынды жас балуандар жеңіс тұғырынан көрінді.
Әуезов кентінде де мерекеге орай бокстан 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастырылды. Былғары қолғап мықтылары бақ сынасқан жарысқа ауданның бірнеше ауылдық округінің жас боксшылар қатысты. Спорттық шараның салтанатты рәсіміне жиналған көпшілікке Әуезов кентінің әкімі Айбол Құдайбергенов мерекелік құттықтауын білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл бокстан өткізілген шара 19 ғасырда ағаш аяқ атанған Назаролла Жүндібайұлын еске алу мақсатында ұрпақтарының қолдауымен өткен аудандық біріншілігі. Шара соңында жеңімпаз жас боксшыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар мен алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, Әуезов кентінің тұрғыны, «Бақыршық» орта мектебінің оқушысы болған Қайнолла Әлішер Талғатұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында аудандық турнир өткізіліп, жарысқа өңірдің жас спортшылары қатысты.