Мереке күні баспана кілті табыс етілді

Ұлттық мереке -Республика күніне орай Бірлік ауылында да жаңа баспаналардың кілттері табыс етіліп, ауыл тұрғындары қоныс тойын тойлады.   «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жалпыұлттық жобасы аясында өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2 пәтерлі үш үйдің кілтін  аудан әкімі Нұрлан Борсукбаев салтанатты түрде табыс етті.

— Бүгінгі мереке күні баспанаға ие болып жатқан ауыл тұрғындарына қоныстарыңыз құтты болсын дегім келеді. Бүгінде ауданда тұрғындардың басым көпшілігі үшін баспаналы болу – ең өзекті мәселе. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Мұқтаж адамдарға жәрдем берілуде. Бүгінде ауданымыз бойынша 599 адам баспана кезегінде тұр екен. Олардың барлығына кезекпен мемлекеттік тұрғын үй қорынан салынған үйлерден беріледі. Жалпы, жыл басынан бері ауданда 30 пәтердің кілті беріліп, үй кезегіндегі тұрғындар жаңа қонысқа ие болды,– деді аудан әкімі.

Баспанаға ие болған Бірлік ауылының тұрғындары қуаныштарына ортақтасып келген өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, мерекелік құттықтауларымен бөлісті, ал ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, ақ жаулықтары аналар шашу шашты.

Дәл осы мереке күні Қалбатау ауылында бой көтерген жаңа мешіттің бас имамы Заңғар Қойшыбайұлына кәсіпкер азамат, жерлесіміз Мұхтар Садуақасов баспана сыйлады. Жұма күні жаңа мешітте жиналған жамағатпен бірге мәрт азамат Қалбатау ауылынан алынған пәтер кілтін бас имамға салтанатты түрде табыс етті.