Жазушысы Мұхтар Әуезов «Кітап – әр адамның өмірлік досы» дегендей, адам баласының рухани азығы, дaнaлықтың қaйнap бұлaғы, парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы саналатын – кітапхана. Ал ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы осынау орында еңбек етіп, руханияттың жаршысындай кітапханашылардың да еңбегі зор. Кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеріп, мерейін асыру және оны кәсіби аренада ынталандыру мақсатында «24 қазан – Кітапханашылар күні» деп кәсіби мереке ретінде жариялануы – кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен құрметтің белгісі.
Ұлттық мереке Республика күніне орай еліміз көлемінде үшінші жыл қатарынан аталып келе жатқан кітапханашылардың кәсіби мерекесі ауданда облыстық семинармен бастау алды. Аудандық мәдениет үйінде Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Абай атындағы әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өңірлік кітапханашыларға арналған «Кітапханалық шаралар бренд ретінде» әдістемелік практикум-семинар өткізілді.
Бұл шараға Үржар, Мақаншы, Бесқарағай, Абай, Аягөз, Ақсуат және Бородулиха аудандарынан келген кітапхана қызметкерлері қатысты. Олар сандық технология дамыған уақытта кітапхана жұмысын қалай ұйымдастыру керек, балаға кітап оқыту мақсатында интернетті қалай тиімді пайдалануға болады деген сауалдар мен баланы кітап оқуға қызықтырып, насихаттайтын жобалар туралы ойларын ортаға салды .
Өңірге келген кітапханашылардың назарына аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне саяхат ұйымдастырылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Семинар-практикум барысында «Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» директорының орынбасары Аязбаева Гүлмира Мұратқызы , этнограф, тарихшы Мұхамедқазы Мұхамадиұлы «Жарма өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері» туралы баяндама жасады.
Семинардан соң салтанатты жиын өткізіліп, аудан әкімінің орынбасары Райым Нұрғалииев мерекелік құттықтауын білдірді. Сонымен қатар кітапхана саласында ұзақ жыл еңбек еткен бірқатар сала мамандарын марапаттады. Сондай-ақ, облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының директоры Мерей Қарт Мейіртайұлы кітапханашыларды мерекелерімен құттықтап, аудандық кітапханаға естелік сыйлық ретінде кітаптар топтамасын тарту етті. Семинарға қатысушылар Қалбатау ауылындағы шарадан соң үздік ауылдық кітапханалар қатарынан орын алатын Әуезов кентіне барып, кітапхана қызметімен танысты.
Киелі де кенді өлке, әдебиеті мен мәдениеті бай -Жарма жерінің жайсаңдығына тамсанған семинарға қатысушылар, ұлттық рухты асқақ ету мақсатында еңбек етіп жүрген өңірдегі мәдениет саласының мамандарына ризашылықтарын білдірді.