Жаңғызтөбе кент тұрғындары қуанышқа бөленді

Жарма  ауданы  әкімдігінің Аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Жаңғызтөбе кенті бойынша  жартылай күндізгі болу бөлімшесі жөндеуден өткен ғимаратқа  қоныстанды. Аудан әкімі Нұрлан Борсукбаев орталықтың салтанатты ашылуы рәсіміне қатысып, өзінің игі тілегін білдірді.

-Жарма ауданы бойынша Шар қаласы мен Қалбатау ауылы және Әуезов кентінде осындай орталықтар өздерінің жұмыстарын атқарып келеді. Олардың қатарына Жаңғызтөбе кентінің әлеуметтік орталығы қосылды. Алдағы уақытта орталықтағы мүмкіншілік шектеуі бар өңір тұрғындарына жан-жақты жағдай жасау мақсатында жоспарлы жұмыстар жалғасын табады,-деді аудан әкімі. Салтанатты жиын барысында әлеуметтік қызмет алушылардың ата-аналары да қуаныштарымен бөлісіп, өздерінің ризашылықтарын жеткізсе, орталықтың балалары өнерлерін тарту етті.

Жалпы бірнеше жыл қатарынан кент тұрғындары мүмкіншілік шектеуі бар балаларға орталық ашылып, ғимарат берілсе деген ұсыныстарын білдіріп келген. Осы орайда мереке қарсаңында ұсынысты жүзеге асыру мақсатында Жарма ауданының әкімдігі коммуналдық меншіктегі ғимаратты бергеннен кейін, әлеуметтік қызмет орталығы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимарат пайдалануға беріліп, кент тұрғындарғы қуанышқа кенелді. Толық жөндеуден өткен мекемені қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге Жаңғызтөбе кентінің кәсіпкерлері де демеушілік көрсеткен.

Әлеуметтік орталықта 13 қызмет алушы тіркелген, оларды тасымалдауға «»Газель» автокөлігі де  беріліп, мүмкіншілік шектеуі бар балалардың қатынуына жағдай жасалған.