Еркін елдің -биік болсын тұғыры
Республика күніне арналған мерекелік шара Қалбатау ауылындағы орталық алаңда мемлекеттік туды –көтеру салтанатты рәсімімен басталды. Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен нақышына енді. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі еліміздің барлық өңірінде жалғасты.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады. Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту. Бүгінде біз Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Осы атаулы күн елдің әр аумағында сән салтанатымен тойланады. Сондай салтанатты шаралар біздің ауданда да кең көлемде аталып өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кеште шараға жиналған көпшілік қауымды аудан әкімі Нұрлан Борсукбаев құттықтады.
Салтанатты іс-шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жармалықтар марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында Шар қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқтархан Айқынбеков, тарихшы-ғалым Мұхамедқазы Мұхамәдиев, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметті мүлтіксіз атқарған Қайырғазы Закимов пен Қазина Дукумбаева сынды жерлестерімізге Жарма ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдары республикалық деңгейдегі және облыс, аудан әкімінің «Құрмет» грамоталарымен, алғыс хатпен және мерекелік төсбелгімен марапатталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің көркем-өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.